2

РОМАНДЫ ЖАЗЫП БІТТІМ...

Романның көлемі 350 бет. Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің демеушілігімен ұйымдастырылған "Қазіргі заманғы қазақ романы" әдеби байқауы аясында жазылды. Романның аты мен мазмұны әзірше құпия болып қала берсін. Талап солай.

Қазақ халқы осы уақытқа дейін небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді ғой! Сондай бір түртіп қалсаң қаны өзінен-өзі сорғалап қоя берер ауыр тақырыпты таңдап алдым. Романның жанры – тарихи-психологиялық драма. Бір отбасының тағдыр-талайы арқылы сол дәуірдегі бүкіл қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты, қайғы-қасіретті, мұң-зарды, былайша айтқанда, ұлттық трагедияны көрсетуге күш салдым. Негізінен кейіпкерлерімнің психологиясын, ішкі жан дүниесін, жан тебіреністері мен толқыныстарын барынша ашып көрсетуге тырыстым. Өйткені, әлем әдебиетінде осы бағыт өте жоғары бағаланады. Көп нәрсені символикамен ұштастырдым, астарға мән бердім, маңыз арттым.

Әр адамның өмірінде түрлі сынақтар болады. Содан сүрінбей өтсең өттің, өте алмасаң, тағдыр-талайың басқа арнаға бұрылып кетуі ғажап емес. Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың сын сәті туралы роман. Ата, әке, бала үшін ғана емес, ұлт үшін сынақ. Бұнда адам ғана емес, адами қадір-қасиеттер де сыналады. Ар-ождан, адалдық, тазалық, адамгершілік, жауапкершілік (кейіпкер өзінің ғана емес, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуі, сол үшін күресуі), мейірім-қайырым сынды қасиеттер сынға түседі.

Кейде адамның асығыс-үсігіс қабылдаған бір шешімі, аяғын сәл шалыс басуы, ғұмырлық өкініш-күйінішке ұласуы мүмкін. Кей шешім қабылдар кезде дұрыс та көрінуі мүмкін, бірақ кейде дүние бір-ақ сәтте шыр айналады ғой! Алдыңда не күтіп тұрғанын болжап біле алмайсың. Тек жақсылық ойлайсың, жақсылық күтесің. Бірақ, кейде адамның емес, Алланың дегені болады. Адам ғұмыр бойы сол бір сәттік қиыс қадамның зардабын тартып, азап шегуі, тіпті трагедияға ұласуы ықтимал. Біздің шығармада да сондай бір тағдырлы кейіркерлердің өмірі суреттеледі.

Тағы бір ескерте кетерім, финалға өткен сегіз қаламгердің әрқайсысына үш миллион теңге беріледі, яғни, ол ақша қазірдің өзінде қалтада. Енді сол сегіз романның ішіндегі ең мықтысына он бес миллиондық қаржысы бар бас жүлде беріледі. Сол шығарма бойынша кино түсіріледі. Менің ұстанымым, бас жүлдеден үмітің болмаса, бұндай аламан додаға қатысып, бақ сынаудың керегі жоқ. Алу-алмау, бұйыру-бұйырмау, ол басқа әңгіме. Сондықтан да шығармамды киноға лайықтап жаздым. Ешқандай сценарий жазып, әуре болудың да керегі жоқ, өзі-ақ киноға сұранып тұр.

Айтып, айтпай не керек, роман жазылды, сәтімен өткіздім, қабылдап алды. Тіпті жақын арада кітап болып шығып та қалар.

Бұл романды жазуды көптен бері ойланып жүрген едім, «сабақты жіп сәтімен» дегендей, сәті түсті, жазылды. Осы шығарманың тездетіп жазылуына түрткі болған Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің демеушілігімен жарияланған "Қазіргі заманғы қазақ романы" әдеби байқауын ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз.

Еңбектері жанып, абыройлары асқақтай берсін!

Тұғырлы жеңіс пен толағай табыс тілеймін!
Made on
Tilda