2

АҒАЛАРЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ АЯУЛЫ ҚАРЫНДАС

-Айым, 2025 жылдың 15 тамыз күні есіңде шығар. Онда «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының бірінші және екінші кезеңдері аяқталып, сарапшылар жеті романның жобасын мақұлдаған болатын. Сол кезде конкурстың құрылтайшысы және демеушісі, ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимов болашақ жеті роман авторларының қатарында жас қаламгер жоқтығын байқап, ол үшін қосымша бір орын беретінін айтты. Содан кейін сарапшылар түскен жобаларды қайта қарап, сенің шығармаңның жобасын қолдады.
-Ол күнді неге ұмытайын. «Қазіргі заманғы қазақ романы» сайтынан конкурсының бірінші және екінші кезеңдерінен өтіп, соңғы үшінші кезеңге жолдама алған жеті романның авторлары Қуаныш Жиенбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы, Асқар Алтай, Қуат Бораш, Мұрат Алмасбек ағалар екенін оқыдым. «Жарайды, бұл кісілердің бәрі лайықты ғой» деп ойлап қойғанмын. Сол күні «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінен қоңырау шалынып, «Айым Ақылтай, сіз сегізінші болып қосылдыңыз» деген хабар түсті. Қуанғаннын бұрын қорықтым. Мұндай үлкен сенімнің үдесінен шығуым керек болды.
-Ал енді Айым, жазу барысы қалай болып жатыр? Құпия болмаса жалпы романның қаншалықты бөлігіне келдің?

-Қазір романымның шамамен жартысынан көбі жазылды. Кей тұстарын қайта қарап, түзетіп жүрмін, кей тараулары тереңдеп келеді. Мен үшін ең бастысы – сөздің салмағы мен шынайылығы. Бұл – менің алғашқы көлемді туындым, сондықтан әр беті мен үшін үлкен жауапкершілік. Мен романымды асықпай жазып келемін, өйткені әр тарау өз уақытымен пісуі керек.
-Айым, жазу әлеміне қалай келдің? Осыны айтшы. Әйтпесе, республиканың оқырман қауымы үшін сенің тың, жаңа есім болғаның анық.

-Мен бала күнімнен жаза бастадым. Мектеп кезінде күнделікке ойларымды, қылт еткеннен алған әсерлерімді жазып жүретінмін. Сосын уақыт өте келе кішігірім әңгімелерге көштім. Бірақ жазғандарымды жариялау менің ойыма да келмепті. Себебі мен үшін бұл жай ғана әуестік еді. Сырласқанды, сөйлескенді ұнаттым, бұл да – соның бір тәсілі еді.

Мамандығым – педагог-психолог. Мен мамандық таңдауда жаңылыспадым, әйтсе де педагогика мен психологияны зерттеп жүріп жазушылық жағы біраз уақыт шеткері қалып қойды. Күнделікті оқу мен жұмыс, өмірдің өз ырғағы мені өз ағынымен алып кетті.

Бірақ ойымда, санамда жазу үнемі менімен бірге жүріпті. Мамандығым да осы жазу жолында маған қолғабыс болды, кейіпкердің жан дүниесін тереңінен ашуға септігін тигізді. Былтыр мен “Жазушы шеберханасы” атты жас жазушылардың шығарған марафонына қатыстым. Бұл жазушылығыңда дамытатын жер десем де болады. Сол жерде мен бұрын ұмыт қалған өзімнің бір қалпымды қайта таптым. Алғаш рет өз жазбаларымды біреуге көрсетіп, пікір тыңдадым. Басқа да жас жазушылардың лебіздері, жалпы бұл марафон мені қатты жігерлендірді. «Өнерлінің өрісі кең» деген мақал бар ғой, мен оны өзіме қолданамын, адам үнемі үйреніп, өз мүмкіндігін кеңейтіп отыруы керек деп түсінемін.
-«Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсына жіберген жобаңда шығармаңының жалпы оқиғасы қандай болатындығы айтылған. Шараны ұйымдастырып жүрген әдеби бірлестік пен сарапшылар тобы онымен таныс. Алайда, оқырман қауым романның неліктен «Қарыз» деп аталғанын біле қоймас. Біреудің қарызын иесіне қайтарамын деп түрлі құйтырқыға баратындар жайында шығар деп ойлаулары мүмкін.
-Жоқ, мүлде олай емес. Бұл атау менің ойымда ұзақ жүрмеді, мен бірден осы шешімге келдім, және өзгерту ойымда болмаған. Менің романымда «қарыз» деген ұғым материалдық мағынаны бермейді, рухани, адамгершілік тұрғыдан қаралады. Әркімнің өмірінде өтелмеген бір қарызы бар. Біреу арманына, біреу балалық шағына, біреу өзіне сеніп жүрген адамға қарыз. Бірақ ең ауыр қарыз – өз өмірің алдындағы қарыз. Өзіңді қорғай алмағанда, үнсіз қалған сәттерде, өзіңді қинауға жол берген кезде біз осы қарызды көбейтеміз.

Мен осы идеямды әйел тағдыры арқылы көрсеткім келді. Өйткені, әйел көбіне үнсіздіктің артында қалады. Бұл роман біреуге бірдеңені дәлелдеу үшін емес, өзіңді түсіну үшін жасалған күрестің маңызы туралы. Романымды оқыған әр адам өз өміріне сұрақ қойса екен деймін.
-Соңғы сұрақ, бұған дейін әдеби конкурсқа қатыстың ба?
-Жоқ, бұл – менің алғашқы байқауым. Мен мұндай әдеби байқаудың басталғанын білмеппін. «Жазушы шеберханасы» марафонында маған құрбы қыздарым жіберді, солардан білдім. Шартымен танысқан соң ойланбастан синопсисімді жібердім. Алғаш рет өз шығармаңды көпшілікке ұсыну оңай шешім емес. Әр сөзіңе де, сөйлеміңе де, кейіпкеріңнің тағдырына да жауап бересің. Себебі әдебиет тек жазушыға ғана емес, қоғамға, тұтас адамзатқа да қажет. Ал егер бір адамның жаны менің сөзім арқылы тыныштық немесе түсіністік тапса, онда еңбегім ақталды деп білемін.

-Айым, сені «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің атынан конкурстың шешуші бөлігіне өткеніңмен құттықтаймын.

Ал қалың оқырман қауымның есіне сала кетейін, ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимов жеңімпаз болған роман авторына – 15 миллион теңге, басқа жеті авторға 3 миллион теңгеден жүлде береді. Айым қазірдің өзінде 3 миллион теңге алатын қаламгерлердің қатарында. Бас жүлде бұйыра ма, әлде оны жоғарыда өзі аттарын атаған ағаларының бірі иелене ме, ол енді романның көркемдік қуатына қатысты шығар.

Айым, байқаудың нәтижесін шығатын 2026 жылдың 22-наурызы күні саған табыс тілеймін.

-Рақмет.

Сұқбаттасқан
Жанерке Қазтай,
«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің тілшісі.
Made on
Tilda