Қазақ романы

ЖҮЛДЕГЕРДЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРГЕ ТІЛЕК
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
Белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
Белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан ҚАЗЫҒҰЛ бұл күндері ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы ИБРАГИМОВТЫҢ демеушілігімен өтіп жатқан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсына қатысты өз пікірін білдірді.
Оқырмандардың бәрі құлағдар шығар, Шархан Нағметұлы үш жыл бұрын ұйымдастырылған әдеби бәйгеге қатысып, «Күлпет» романы арқылы жеңімпаз атанған. Сол әдеби жеңісі үшін ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып келеді.
- Менің курстасым, қазақтың көрнекті журналисі Қайнар Олжай мен қаламға саясат сақпанын қосып ұстаған Арман Сқабылұлы бауырым өте жақсы идеяны өмірге әкелді. Бір жағынан әдеби ортаға үлкен қозғау салды, екінші жағынан игілікті іске демеуші тапты.
Роман жазу оңай емес. Өзімнің басымнан да өтті. Жылға жуық басқа тірліктің бәрін тарс жауып, жазу үстелінен шықпадым. Тіпті, төңіректе не болып жатқанын үйдегі жеңгелеріңнен шай үстінде ести салатын кезім де болды. Өйткені, телевизия хабарларын тыңдау мен газет оқуға уақытымды аядым. Жазу және романның ары қарайғы желісін ойластыру барысында жекелеген шаруаларды жиып қойдым. Ара-тұра болып тұратын тапсырыстардан бас тарттым. Өзімнің құлшынысыммен компьютерге түсетін, әрі қарай әлеуметтік желіге шығатын шағын жазбаларды қойдым. «Онлайн ойлардан» сап тыйылдым. Таныстар да, таныс еместер де «Шархан Қазығұл фейсбуктен мүлде көрінбейді, бұл кісіге не болды» десіп жатты. Ал мен мойын бұрмастан «Күлпет» романын жаздым.
Басқа тірлікке көңіл бөлмеген соң үйге келетін табыс та азайған. Шыны керек, бір жыл бойы қызметтегі жеңгелеріңнің айлығы мен менің зейнетақыммен күнелттік. Астана сияқты қымбат қала үшін бұл мардымсыз ақша еді. Шыдадық.
Ақыры бағым жанып, «Күлпет» бәйгеден бірінші келді. Ай сайынғы зейнетақымның үстіне 500 АҚШ доллары қосылған соң шаңырағымыздың шырайы кіріп қалды. Ол бәйгеде үміткер көп те, сыйлық бір ғана қаламгерге берілетін. Менен кейін, 2023 жылы жазушы ағамыз Тұрысбек Сәукетай, 2024 жылы жазушы Сәуле Досжан осындай ай сайын сыйақы алу құрметіне ие болды. Ал «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігі ұйымдастырған бәйгеде сегіз жазушы 3 миллион теңгеден алып, үздік шыққан романның авторына 15 миллион теңге берілді екен. ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимов нағыз Атымтай Жомарт болып шықты. Ризамын.
Оның үстіне бәйгенің үздіктерін анықтауда техникалық тәсіл қолданбай, тек сыншылардың талқысына салу арқылы шешім шығарылады екен. Бұл да – дұрыс, қалың елді дүрліктірмей-ақ қорытынды жасалады.
«Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесінде әрі қарай жазуға кіріскен сегіз қаламгердің жетеуі маған таныс. Арасында белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай – өзімнің ағам. Басқа інішектер де жат емес. Бұрын кейбірін кітапханада, кейбірін бильярд залында көріп қалатынмын. Ал қазір олар үш-төрт жыл бұрынғы мен сияқты еш жерден төбе көрсетпейді. Демек, романдарын жазып жатқаны анық. Бір атап өтерлігі, олар алаңсыз жаза алады. Өйткені, қазірдің өзінде 3 миллион теңгелік жүлдегер болып отыр ғой.
Бәріне табыс тілеймін. Қаламдарының қуаты сарқылмасын!
Ал Қайнар досым мен Арман бауырымның өте қажет бәйгені ұйымдастыра білген қабілеттеріне ризамын. Өйткені, жазушыны қолдау ұлттың болашағын қорғау деп білемін.
БАЙЛАНЫС
+7702 689 28 58
janaroman2025@gmail.com
Қазақстан, Алматы
Made on
Tilda